100 • 04 Қыркүйек, 2019

Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді, Жүсіпбек  не дейді?

733 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №390 санына шыққан «Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді, Жүсіпбек  не дейді?» атты мақаланы назарларыңызға ұсынамыз. 

Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді, Жүсіпбек  не дейді?

Қашанда болса, біреуден есіткен сөзге кісінің көңілі толмай тұрады. Бір жері болмаса, бір жері кем сықылды көрінеді. Өз көзіңмен көріп, өз құлағыңмен естігендей болмайды. Бұл өз басымызда бар. Оқушыларымызда да осындай ой болуға мүмкін. Сондықтан шүбә қалмасын, пәлен-пәлен дейді деп өз сөзімізбен айтқанша, сол айтты дегендеріміздің өздеріне сөз берейік.

Марксшыл сыншының бірі Троцкий айтады: «Белгілі бір тілегі жоқ, саяси ойы жоқ ақын болады деу – соқырлық, топастық. Қандай ақын болса да әлеумет тұрмысына өзінің пікірі болмай қоймайды. Мүмкін белгілі жолға салынып, анықталған пікірі болмас, бірақ көмескі болса да  жұрт сезетіндей пікірі болады», – дейді [1].

Тағы бір марксшыл сыншы Воронский айтады: «Қашанда болса, қай ақынның болсын жазғаны өз тұсындағы таптың, саяси жіктің құлық-мінезін көрсетпей қоймайды. Ақынның жазғаны белгілі бір таптың тілегін соғады. Мұны ақынның өзі сезбеуге де мүмкін» [2].

Жүсіпбектің марксшілдерден таңдап алғаны Луначарский жолдас көрінеді. Жүсіпбек өкпе қылар, Луначарскийге де сөз берейік: «Өнер (оның ішінде көркем әдебиет те бар) дегеніміз қашанда болса белгілі бір таптың ойын, сезімін көрсетеді. Белгілі бір таптың көзқарасын (тілегін) білдіреді» [3].

«...Рас, өнер, көркем әдебиет ашықтан ашық тап құралымын, жауға аттанам демейді. Бірақ сөйтсе де, өмірді, тұрмысты белгілі бір пернемен (образ), белгілі бір идеялармен суреттегенде қашанда болса көркем әдебиет белгілі бір таптың құралы, жоқшысы болады. Қамын қайғырып, тілегін соғады» [4].  «Социальные основы искусства» деген кітабында Луначарский тағы былай дейді: «Бір тарихта тапқа бөлінбеген халықты білмейміз. Осы күнге дейін болып кеткен көркем әдебиетте тап мінезін көрсетпеген, тап тілегін соқпаған әдебиет көргеміз жоқ. Мұндай әдебиет тапқа бөлінген тұрмыста болған жоқ» (ст. 69). Ертегі, мақалдар туралы тағы осы кітабында Луначарский айтады: «тіпті, ертегі, мақалдардың да тап тілегіне жанаспағаны жоқ. Бұлар да тап тілегін көрсетеді» (ст. 36)

Осы да жетер. Оқушыларымыз жалықпаса, біз тағы да осындай сөздерді келтірер едік. Бірақ қажеті жоқ. Көркем әдебиетке марксшілдердің пікірі қандай, қалай ұғынады деген сұрауға жоғарыдағы келтірген сөздер де қанағаттанарлық жауап болса керек. Соқырға таяқ ұстатқандай-ақ «Көркем әдебиет – тап құралы. Тапқа бөлінген заманда көркем әдебиет те тап құрығынан шықпайды. Тап әсері болмаған,  тап тілегіне жанаспаған әдебиет болмайды» деп отыр.

Бұл пікір орыс, қазаққа ортақ пікір. Қай халықтың әдебиетіне болса да, әдебиетке Маркс жолымен сын берем деген сыншы бұл жолдан қашып құтыла алмайды. Бай, кедейге бөлінген халықта тап мөрі, тап әсері болмаған көркем әдебиет жоқ.

Ақын кім? Марксшілдер идеяшылдардай «Ақын – өзгеше жаратылған, тұрмысқа бағынбайтын жан» демейді. Ақын – өзіміздей көптің бірі.  Қара тұрмысқа біз құл болсақ, о да құл. Біз тапқа бөлініп, тап жыртысын жыртсақ, ақын да өзінше тап жыртысын жыртпақ. Мүмкін – мұны ақын өзі сезбеуге де. Көп ақындар, шынында, өзін тап тілегінен жоғарымын, адам баласының, не ұлттың тегіс қамын қайғырам деп ұғынады.  «Өнер – өнер үшін» деушілер  де өзінше «тап тілегінен аулақпыз, ондай тілек бізде жоқ» деп ойлайды. Бірақ мұның бәрі – қысыр әңгіме, дәлелі, шындығы жоқ бос сөз. Қай ақынның жазғанын болса да ақтара келсең, бәрінде де белгілі бір таптың әсері болады. Бәрінің де тап тілегінен туған өзінше көзқарасы, мінез-құлқы болады. Біреуінде тап әсері аз болар, біреуінде көп болар – бұл екінші сөз. Әйтеуір, тап әсері болмай қоймайды.

Ақынның өзге жұрттан айырмасы не?

Ақын өлең, әңгіме жазса, пернемен (образ) жазады. Көзі көргенді, жүрегі сезгенді өзінің сол көрген, сезген түрінде жазады. Ақын қарапайым жазушылардай (публицисты) сөзін дәлелдеп, толғап, ойлап отырмайды. Нағыз ақындар өзінің айтайын дегенін, суретті-адамды сөзімен, мұңды күй, сырлы жырымен айтады. Алдымен оқушының жүрегін, сезімін қозғайды. Плеханов айтады: «Ақынның сөзі ақылға, ойға қонбайды. Алдымен адамның сезімін қозғайды. Сезгіш көңіліне қонады». Күлдіре ме, жылата ма, жұбата ма, қуанта ма ақын сезім арқылы орындайды.

Ақын өзгелерден гөрі тез сезеді. Қарапайым адамның байқамағанын байқап қалады. Айта алмағанын айтып салады. Заманына қарай ақынның асып-тасып көтерілетін, торығып қапаланатын кездері де болады. Талай ақындар тасып-шалқып, не таусылып-шабылып отырған кезінде қарапайым адамның болжамағанын болжап салады. Ойламаған жерден білім иелерінің мың жылдап зерттейтін жұмыстарын күн бұрын айтып жібереді. Бірақ, әрине, мұның да шегі бар. Айтудың да айтуы бар. Қанша ақын тасып-шалқып, өткір қиялымен шарқ ұрса да тұрмыстан ұзап кете алмайды. Тұрмыста жоқты қиял қылса, ақын қандай күшті болмасын, оның қиял шындығы жоқ, сандырақ қиял болады» [5]. Әрине, сандырақ қиял болса, одан ешкімге келер пайда жоқ. Қанша сұлу сөзді, шешен-шебер ақын болсын, сандырақтама сөзінде баға болмайды. Өйткені «ақынның ақындығы түптеп келгенде өлеңнің мазмұнына тіреледі» [6].

Атақты Чернышевский, Белинский сықылды адамдар да осыны айтқан болатын.

Рас, екінің бірі ақын бола алмайды. Ақын болу үшін адамда ақындық талант (қуат) болу керек. Жоғарыда айтып өттік: айтам дегенін ақын пернемен айтады. Ақынның алдымен жүрегі, сезімі бұрын жүреді. Ақын өлеңін ақылға салып саралап отырса, ол өлең өлең болып шықпайды. Көркем әдебиет болу үшін өлеңнің аяғы ұйқастығы, өлшеуі келгендігі ғана жетпейді. Дәлелдеймін деп құрап-жамап келтірген перне әдебиет пернесі болмайды. Бұлай жазған ақын – ақын емес. Молдағали айтқандайын, бұл – күшеншек, боққа жығар ақын. Белинский айтады: «Егер адамның жаратылысында біткен таланты, ақындығы болмаса, қандай ойы терең, сөзі тура болса да, оның өлең сөзінде көркемдік болмайды. Ондай ақынның өлеңі ешкімді де тарта алмайды. Жүрегін, сезімін қозғап еріте алмайды» [7]. Көркем әдебиетте ақынның миға қондырам, дәлелдеп түсіндірем деп отыруы ақындық емес [8].

Ақынға қоятын шарт – ақын өлеңінің (жалғыз өлең емес, әңгіме, роман, драмалардың) мазмұнын көркемдік, әдемілікпен ұқсата білсін, теңдей білсін, өлеңнің іші (содержание) қандай болса, сырты да (форма) сондай асыл болсын. Көркем әдебиетке не сырты, не іші оңды болсын деп бірін ғана таңдауға болмайды. Екеуі де керек, біріне бірі сай болсын.

Міне, қысқаша айтқанда көркем әдебиетке, ақынға марксшілдердің көзқарасы осы.

Жүсіпбек не дейді, енді соған келейік.

Жүсіпбектің көркем әдебиетке көзқарасы, әсіресе, қазақ әдебиетін тексергенде айқындалады. Бұл кітапшамызда біз Жүсіпбектің көркем әдебиет туралы негізді пікірлерін ғана келтірмекпіз.

«Лениншіл жас» журналында Жүсіпбек жазады: «Қандай адам болсын, мейлі қандай данышпан болсын, мейлі терең ғалым болсын – бәрі де өз заманының, өзінің әлеумет қатынасының, өз табының жемісі, өз ортасының ұлы болу керек».

Қатесі жоқ. Жүсіпбектің бұл сөзіне түгелімен қосыламыз. Ақын – өз заманының, өз табының жемісі.

Бұл сөзге Маркс жолындамын деген адам тоқтайды. Жүсіпбек те осы сөзінде табандап тұру керек еді. Мағжанды сынасын, қазақ әдебиетін жалпы алып тексерсін, өз сөзінен таймау керек еді. Ақынның заманын, өлеңіндегі тап әсерін, тап тілегін ұғу керек еді. Мұның орнына «марксшіл» Жүсіпбектен нені көреміз?

Сөзді Жүсіпбектің өзіне берейік. Айтарын өзі айтсын:

«Әдебиет – өнер. ... Әдебиетке жалаң тап көзімен не саясат көзімен қарап, сыңар жақ кетпей, Маркс көзімен диалектика әдісін қолданып сынау керек. ... Тап ақыны әзір қазақта жоқ. Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшпелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны туады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жаңаның жақсы болатынын білсе де, сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай көп тайғақтайды. ... Міне, осындай көшпелі дәуірде, ескіге көзін сүзіп жабыққан заманда әдебиет ақыны романтизмға айналатын, Мағжан да романтизмға беріліп отыр. Бұл жалғыз ақынның сезімі емес, елдің де арманы, көңілі. «Әттең, баяғы дәуіріміз болар ма еді?!» дейтін ел ішінде де аз емес. Қазақ әдебиеті күйректік (сентиментализм), сарындамалық (романтизм) дәуірінде  болуға тиіс...

Мағжан – көшпелі дәуірдің ақыны; ұлт ақыны. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, жиһангерлікке қарсы күншығысшыл ақын».

Міне, Жүсіпбектің қазақ әдебиеті, Мағжан туралы айтатын негізді пікірлері осы [9]. Бізге бұл пікірлерді Жүсіпбек Маркс пікірі деп ұсынып отыр.

Естігеніңнен де естімегенің көп деген осы-ау. О заман бұ заманда «тап көзімен, саясат көзімен қарамай, Маркс көзімен қарау керек» дегенді Жүсіпбектен естіп отырмыз! Жүсіпбектің ойынша, Маркс көзі тап көзі, саясат көзі емес. Тап тілегі, саясат жолы өзіне, Маркс жолы өзіне. Екеуі – екі басқа жол.

Жүсіпбектің екі сөзінің бірінде «ғылым жолы, әлеумет тілегі, ұлт тілегі, ел арманы» деп келеді. Тегінде Жүсіпбек үлкейтіп «ұлт, әлеумет» десем, ғылым жолы болады; Маркстың атын бір-екі атасам, марксшыл болам десе керек.

Рас, қазақта төрт аяғы түгел марксшылдар жоқ. Қазақтың надан екені де рас. Қазақ еңбекшілерінің тап сезімі жаңадан оянып келе жатқаны да рас. Бірақ мұның бәрі надан қазаққа марксшыл болуды міндет қылмайды. Маркс жолы тап жолы емес, саясат жолы емес деу – көре біле Маркс жолынан тайғандық, Маркс атын, жолын сатқандық. Не саяси көрсоқырлық. Маркстың атын естіп, затын білмегендік. Әзір надан болсақ та мұндай марксшылдардың бізге керегі жоқ. Маркс жолы саудалайтын жол емес. Маркс жолы – тап жолы; еңбекшілердің саяси жолы. Тұрмысқа, шындыққа сүйеніп, тап күресінен туған білім жолы. Тапсыз тұрмысқа әділдікке жеткізетін адамшылық жолы да Маркс жолы ғана. Мұны осы күні екінің бірі біледі. Мұндай сөздерді айтып отырудың да қажеті жоқ еді. Амал жоқ айтасың.

«Сары дала,

Жас бала,

Дала тұнық,

Бала тұйық,

Дала жұмбақ,

Бала жұмбақ» деп жүргендер көп қой (Мағжан)!

Жүсіпбектің Мағжан туралы сөздерін кейін тексермекпіз. Қазір жалпы әдебиет туралы айтқан сөздеріне тоқтайық.

«Қазақта тап жоқ, тап ақыны да жоқ», – дейді Жүсіпбек. Тап туралы біз бұрын да жазғанбыз [10]. Бір жазғанды қайта-қайта жазудың қасиеті жоқ. Бұл жолы біз бұрынғы жазғанымызды қайталамай, толықтыруды ғана жөн көрдік.

Қазақтың жалпы алғанда, орыстың мұжығынан айырмасы жоқ. Сол қазақ сықылды мұжық туралы Плеханов мынаны айтады:

Мұжықтың ішінде бай бар, кедей бар. Құлданатыны бар, құл болатыны бар. Қысқасы, әр таптың адамдары бар. Сөз жоқ, мұжықтың байы социал-демократтарға (коммунистерге) түзу қарамайды. Тілектес болмайды. Өйткені мұжықтың байының тілегі коммунистерге қарсы тілек. Коммунистер бай тілегін соқпайды. Ал, мұжықтың кедейін, жұмысшыларын алсақ, бұлар қашанда болса, қала жұмысшыларына қосылады. Социал-демократтар ереді. Әрине, социал-демократтар оларды ешбір уақытта сыртқа тепкен емес, теппейді де [11].

Оқушы, көзің көріп отыр. Плеханов «Мұжықта бай бар, кедей бар, тап бар» деп отыр. Мұжықтың байындай бай, кедейіндей кедей бізде де бар. Ал, енді бар байды, кедейді «тап жоқ» деп Жүсіпбектер, ұлтшылдар жасырады. Тапа тал түсте барды жоқ деген осы емес пе?

Таласымыз жоқ, біздің қазақта Еуропа жұртындағыдай таптар жоқ. Бізде зауыт, фабрик иелері капиталшылар жоқ. Бізде миллиондаған кәсіп жұмысшылары жоқ. Жоқты бар деп біз айтпаймыз. Бірақ «өз сабасына қарай» қазақтың өз тұрмысынан туған өз тумасы – бай, байшыкештері бар, кедей жұмысшылары бар. Плеханов айтқандай бұлардың әрқайсысы әр таптың адамдары. Кедейшіл болам десең, байшыл емессің. Байшыл, ұлтшыл (өйткені ұлт ішінде бай, кедей бар. Мұның екеуін де риза қылам десең, байшыл боласың, амалсыз боласың) мен десең, кедейшіл, бұқарашыл бола алмайсың.    

Бұлай болса, қазақта да жарықшақ болса, бай-кедей бір болмаса, қазақта тап ақыны да жоқ деуге болмайды. Бай-кедей бар тұрмыста ақын да осы тұрмыстан құрық алып кетпейді. Біреуінің тілегін соғады. Тұрмысын, мұңын, қайғысын жырлайды. Ақынның өзінде мұндай ой болмаса да, амалсыз жырлайды. Тұрмыс жырлатады. Жүсіпбектің өзі айтып отыр ғой: «Сана, ойды  тұрмыс билейді», – деп. Қазақта да ақынның сана, ойын тұрмысы билейді.

Рас, қазақтың қазіргі тұрмысында пролетариат ақыны шыға қоймайды. Өйткені бізде пролетариат (кәсіп жұмысшылары) аз, қазақ тұрмысына әлі әсер беретіндей хәлге келген жоқ (сонда да, жылдан-жылға көбеймек. Енді біраз жылда үлкен кәсіпорындары ұлғаюмен бізде де қазақ пролетариаты кесек тап болмақ). Біздің ақынымыздың көбі шаруа тұрмысын, қазақтың даласын жазатын ақын, шаруа ақыны. Бірақ сол шаруа ақындарымыздың кейбіреуі шаруаның байын, бай тілегін жырламақ. Енді біреулері кедейін, қалың бұқарасын жыр қылмақ. Бай тілегін соқса, бай тұрмысын жыр қылса, байшыл ақын дейміз; кедей, бұқара тілін жыр қылса, кедейшіл, бұқарашыл ақын дейміз. Міне, тап ақыны деген осы болады, Жүсіпбек сыншы!

Бұл сөзден кедейді жырламаған ақынды өртеп жіберуге керек деген сөз шыға ма? Әрине, шықпайды. Жүсіпбектің ойынша «Қазақ коммунистері өздеріне жатпаған ақынды өртеп жібереміз», – деп айтатын сықылды. Жүсіпбекте жұмысымыз жоқ, қалай десе де еркі ғой. Бірақ дені дұрыс коммунист мұны айтпайды. Әсіресе, қазақ тұрмысын білген қазақ коммунисі айтпайды.

Қандай ақын болсын, өз тұсына ие. Өз заманындағы тарихи ағымға, әлеумет қозғалысына мойынсұнады. Ақынды сынау үшін ақынның өскен ортасын, өлеңін арнаған оқушысын білу керек; қандай саяси тұрмыста, қандай халық ішіндегі тап тартысы уақытында жазады, соны білу керек [12].

Атақты Шекспир, Гете, Пушкин, Толстой сықылды адамдар пролетариат ақыны, жазушысы емес. Бұлар әрқайсысы әр заманның ақын-жазушылары. Өз тұсында заманына қарай жыр жырлаған ақындар. Бұларды пролетариат жыршылары емес деп пролетариат табы өртеп жібереміз деп отырған  жоқ. Бұлардың жақсысын да көрмей отырған жоқ. Өртегені сол – қадір тұтып, «бас иіп» отыр. Заманы өтсе де, бұлардың пролетариат табы үлгі қылатын, жасымаған көркемсөздері, тап шарасынан шыққан асыл ойлары бар. Пролетариат табы соны үлгі қылып отыр. Жақсыдан үйренеміз деп отыр.

Шынында, белгілі бір дәуірлерде тап ақындарының өзге таптардың да тілегін соғатын кезі болады. Мәселен, ақсүйектер құларда осы күнгі капиталшылар-байлар табы кемшілік көріп жүрген бүкіл еңбекшілер табын өзіне қосып алды. Бүкіл бұқара халықты бастады. Бұл кезде өз заманына қарай бұл тап  төңкеріс жолындағы төңкерісшіл таптың бірі еді. Сондықтан өзі белгілі бір тап болып отырса да, ақсүйектерге қарсы болған соң, бүкіл ұлттың басшысы (идеолог) болды [13]. Міне, бұл уақытта сондағы басшы тап – байлар арасынан шыққан ақындардың көбі капиталшылар тілегін ғана жырламай, бұқара халықтың да жырын жырлады.

Қашанда болса, күшті ақындардың өз тұсындағы тап тілектеріні­нен басқа жалпы адамшылық тілегін тілейтіндері де болады. Мұндай ақындардың кейінгі ұрпаққа (тапқа) маңызын, көркем асылдығын жоймаған сөздері қалады. Тап тұрмысында алдыңғы таптың жасап кеткен мәдениетін екінші тап өз тұсында өртеп отырмақ емес. Ілгергі кейінгіге мұра болып отырмақ. Алдыңғыны кейінгі үлгі қылмақ. Бұрынғының көп ісі кейінгіге сабақ, мектеп. Бұл – тарих заңы. Адам баласының өніп-өсуі осылай.

Біздің қазақ тарих жолынан өзге жол шығармақ емес. Білімге бай, шаруасы бай Еуропа еңбекшілері өткен күнін үлгі қылса, тарих адамдарына бас исе, өткеннен безетін, жақсыларын қадір тұтпайтын қазақ еңбекшілері жоқ. Қазақ еңбекшілерінің басшысы болып отырған қазақ коммунистері өткеннің қадірін Жүсіпбек құрлы біледі. Өз тұсында қазақтың тарихи адамдары, ақындары қандай игі тарихи іс қылғандарын жақсы ұғады. Қазақтың өз тұрмысына қарай өткеннен үлгі боларлық мұра қазақ еңбекшілерінде аз емес. Қазақтың даласы тым-тырыс ұйықтап, орыс патшасының тепкісінде жатқанда:

«Қазағым, елім!    

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның.

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сиқың?» деген Ахметті қазақ еңбекшілері ұмытпайды. Бір кезде қазақты  «Сары маса» болып ызыңдап оятқан Ахметті қадірлей біледі. Көбіміз сол Ахметтің бауырында өскеміз. Сол кездегі Ахметтің әлі де ескірмеген үлгілі сөздері, үлгілі істері көп. Ахметтің тарихи ісін, тарихи маңызы бар ол өлеңдерін әлі де біз үлгі қыламыз. Абай, Ахмет сықылды өз тұсына ие болған тарихи адамдарын қазақ еңбекшілері сыйламақ. Өткендегі тарихи істерін біліп, тарихи сөздерін оқып сүйінбек.

Бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес. Ұйқысынан аз да болса оянған, көзін ашқан қазақ. Кеше қазақ еңбекшілері бір жағынан орыстың байына, тұрмысына жем болып, екінші жағынан өз байына, өз тілмәшына, болысына жем болса, бүгін екеуінен де арылып отыр. Өз тағдырын өзі шешуге бет алып отыр. Енді, жақсыны да, жаманды да, досын да, қасын да біледі. Өткеннің жақсы жағын қандай көрсе, жаман жағын да көреді. Кешегі жақсы бүгін жаман болса, оны да біледі. Жүсіпбек сықылдылар жақсыны бетке ұстап, жаманды өткізем деп «мұныңа жол болсын» деп оны да айта алады.

Құрметті, Жүсіпбек сыншы! Коммунистер өздерінен басқа ақынды өртеп жібереді деп таусылмай-ақ қойыңыз. Өртенген ақын болса, біз өртемейміз, заман өртейді, тарих өртейді, өзін-өзі өртейді.

 

[1]  Л. Троцкий. Литература и революция. ст.54

[2]  А. Воронский. Искусство и жизнь. ст. 20

[3]  А. Луначарский. Диалог об искусстве. ст. 28

[4]  так же ст.29

[5]  П. Коган. Литература этих лет. ст. 34

[6]  Г.Плеханов. том ХІV ст. 137

[7, 8]  Т. Плеханов том V ст. 354

[9]   «Лениншіл жас» (№ 3,4,5), «Ақ жолды» (№555) қара.

[10] «Жаңа жұртшылық» деген кітапшаны қара.

[11]  ІІІ том Плеханова ст. 410.

[12]  Ф. Меринг. Мировая литература и пролетариат. Предисловие стр. 6

[13] Г. Плеханов. Том XІV стр. 150